Түркістанда жүздеген отбасының көптен күткен арманы орындалды. 512 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлауға дайын. Бұл – 3 мыңнан астам адамның баспаналы болғанын білдіреді. Аймақта тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.


 Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Өткен жылы облыс бойынша 3564 азамат баспанамен қамтылса, биыл тағы 2292 пәтер беру жоспарланып отыр. Бүгінгі пәтер иелері қала орталығындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешеніне қоныстанады. Олардың арасында көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылар бар.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Қазақ халқы “Үйі бардың – күйі бар” дейді. Баспана – әр отбасының бақыты мен берекесінің негізі.»


Бүгін баспана кілтін алғандардың бірі – Сәрсенкүл Досанова. Ол бұл күнді жылдар бойы күткенін айтады. Көпбалалы ана үшін жаңа пәтер – жай ғана баспана емес, балаларының болашағына деген сенім.


 Жаңа тәртіп бойынша тұрғындар «Отбасы банк» арқылы іріктелген. Алдымен табыс көзі тексеріліп, кейін жолдама берілген. Мамандар бұл жүйе баспанаға шын мұқтаж азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді дейді.


Бүгінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тіркеу мен пәтер бөлу жұмыстары толықтай «Отбасы банкке» берілген. Ал жаңа пәтердің кілтін алған тұрғындар үшін бұл күн – көптен күткен қуанышқа толы сәт.