Төтенше жағдай қызметкерлері – халықты қауіп-қатерден арашалайтын нағыз қаһармандар. Олар лаулаған оттан, тасқын судан, қалың түтін мен биік шыңдардан қаймықпайды. Бейбіт күннің сақшылары ел басына қауіп төнген сәтте бірден көмекке келеді. Ерлік пен жауапкершілік қатар жүретін бұл саланың жұмысы қандай? Сюжеттен көріңіз.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Төтенше жағдай қызметкерлері ауа райының құбылмалы мінезіне қарамай, тәулік бойы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Шақырту түскен сәтте бір минуттың ішінде салмағы шамамен 10 келі тартатын арнайы форманы киіп үлгеруі тиіс. Бұған қоса 30 келіге жуық салмақ түсіретін тыныс алу аппараты тағы бар. Өрт сөндіру кезінде ылғалданған форма салмақты одан әрі ауырлата түседі. Соған қарамастан құтқарушылар шұғыл әрі дәл әрекет етуге міндетті.
Нұрсұлтан Жорабек – өрт сөндіру саласында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы аралықта ол мыңдаған шақыртуға шығып, талай рет қызыл жалынды ауыздықтады. Өрт сөндіруде қолданылатын оқпан секундына 40 литрге дейін су шашады. Қысымы өте жоғары. Басқаруды бір сәтке жоғалтса, қауіп күшейеді. Өрт кезінде қою түтін көру мүмкіндігін шектейді, тыныс алуды қиындатады. Сондықтан құтқарушылар арнайы ауа баллонын және жасанды тыныс алу аппаратын пайдаланады. Оның қуаты шамамен жарты сағатқа жетеді.
НҰРСҰЛТАН ЖОРАБЕК, №10 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҚАРАУЫЛ БАСТЫҒЫ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ КАПИТАНЫ
Ең күрделі жағдай Еңбекші ауданында күкірт жанған кезде болды. Жаз мезгілі, ауа температурасы өте жоғары еді. Күкірт жанғанда ол көзге көрінбейді. Сондықтан оны сумен сөндіруге болмайды, арнайы жанбайтын материалмен жабу қажет болды. Ол өрт шамамен 7–8 сағатқа созылды.
Шымкент қаласында жыл басынан бері 130 өрт оқиғасы тіркеліп, 2 адам қаза тапқан. 7 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға төмен. Былтыр 177 өрт оқиғасы тіркелген еді. Сала тиімділігін арттыру мақсатында әмбебап құтқару деполары іске қосылуда. Енді оқиға орнына өрт сөндірушілермен бірге жедел жәрдем және полиция қызметі бір мезетте жетеді.
АСҚАР ШӘРІП, ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ КАПИТАНЫ
«Артымызда орналасқан әмбебап өрт сөндіру кешені үш қызметті біріктіреді: өрт сөндіру, жедел жәрдем және полиция. Қазір қала аумағында мұндай 4 кешен жұмыс істеп тұр, бесіншісі Жаңаталап елді мекенінде салынып жатыр. Шымкент қаласы өрт сөндіру техникаларымен 100 пайыз қамтамасыз етілген өңірлердің бірі.»
Шаһарда жалпы 12 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Онда 1000-ға жуық қызметкер еңбек етеді. 166 арнайы техника тәулік бойы қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта өрт сөндіру деполарының саны 20-ға дейін ұлғайтылмақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда.