Шымкентте 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні кең көлемде аталып, экология тақырыбы тағы да назарға алынды. Басқосуда сала мамандары мен қоғам белсенділері табиғатты сақтау, қаланы жасылдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жайын талқылады. Бұл жолғы жиынның мәні бөлек болды – табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын жандар бір алаңда тоғысып, ортақ мәселені ортақ жауапкершілік ретінде көтерді. Іс-шара барысында экология саласына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.


 Жиында қаладағы экологияны жақсарту үшін жасалып жатқан жұмыстар таныстырылды. Соның ішінде ағаш отырғызу, қалдықтарды сұрыптау және жасыл аймақтарды көбейту сияқты бастамалар айтылды.


 АЙСҰЛУ АБДУОВА, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЭКОЛОГИЯ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ
«Бүгінгі марапат – еңбегіміздің бағаланғаны. Экология саласында атқарылып жатқан жұмыстарға осылай қолдау көрсету біз үшін өте маңызды.»


 Мамандар балаларға және жастарға табиғатты қорғауды үйретудің маңызына тоқталды. Өйткені экологияға деген дұрыс көзқарас ерте жастан қалыптасады.


ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
 «5 маусым – Халықаралық табиғатты қорғау күні. Осы мереке қарсаңында барша әріптестерімді және эко-волонтерлерді құттықтаймын.»


 Қатысушылардың айтуынша, қаланы таза ұстау мен ағаш отырғызу тек мекеменің емес, әр адамның күнделікті әдетіне айналуы керек. Сонда ғана қала экологиясы жақсарады.