Шымкентте жедел медициналық көмектің тиімділігін арттыру мақсатында интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылды. Пилоттық жоба аясында ақылды бағдаршамдар жедел жәрдем көліктеріне «жасыл дәліз» ұйымдастырады. Сонымен қатар науқастар енді Яндекс қосымшасы арқылы жедел жәрдемнің қай жерде келе жатқанын бақылай алады. Жүйе сәтті болса, тәжірибе кезең-кезеңімен өзге өңірлерге енгізілмек.


Мұрат Бердібаев 20 жылдан бері жедел жәрдем көлігін тізгіндеп келеді. Тәжірибелі маманның айтуынша, жаңа жүйе жұмысты айтарлықтай жеңілдеткен. Өйткені енді көліктің әр қозғалысы онлайн бақылауда. Цифрлық жүйе бағдаршамдарды автоматты түрде үйлестіріп, жедел жәрдемге «жасыл дәліз» ашады. Соның арқасында ауыр науқас тиелген көлік кептеліске түспей, ауруханаға жылдам жетеді.


МҰРАТ БЕРДІБАЕВ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ

«Көлік қазір өте көп. “Жасыл дәліз” қосылғалы бері шамамен 10–15 минутқа дейін уақыт үнемделіп отыр. Кептелісте көп тұрмаймыз. Ауыр науқасты ауруханаға жеткізу кезінде бұл жүйе үлкен жеңілдік болып жатыр. Жылдам әрі сапалы жетуге мүмкіндік береді.»


 Жедел жәрдем көліктері арнайы трекерлермен жабдықталған. Интеллектуалды көлік жүйесі цифрлық форматта жұмыс істейді. Трекерлер ақылды бағдаршамдарға сигнал беріп, ауыр науқас тиелген көлікке автоматты түрде жасыл жарық қосылады.


ҚАНАТ ЖҮНІСБЕК, ТІЛШІ
Шымкент қаласында 400-ге жуық бағдаршам интеллектуалды жүйеге қосылған. Яғни, барлық қиылыстарда «жасыл дәліз» ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Жедел жәрдем жақындаған сәтте бағдаршам автоматты түрде жасыл түске ауысады. Сонымен қатар қиылыстарға орнатылған арнайы құрылғылар көлік ағынын есептеп, келесі бағдаршамдарға да белгі береді. Осылайша жолдағы кептеліс автоматты түрде реттеледі.


Цифрлық жүйе көлік ағынын нақты уақыт режимінде талдап, қозғалысты тиімді басқаруға және жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.


ӨМІР ҚАЛЫБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінде 400-ге жуық бағдаршамның 354-іне интеллектуалды көлік жүйесі енгізілді. Бұл – ақылды бағдаршамдар. Жоба Астанадан кейін алғашқылардың бірі болып Шымкентте енгізіліп отыр. Кептелісті азайту мақсатында жүйе тиімді жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар камералармен толық интеграция жасалған.


 Миллионды қала тұрғындары енді жедел медициналық көмектің қозғалысын Яндекс қосымшасы арқылы бақылай алады. Шақырту тіркелген сәтте науқасқа SMS-хабарлама жолданады. Сол арқылы жедел жәрдемнің геолокациясын көруге мүмкіндік бар. Әзірге бұл жүйе ауыр халдегі шақыртуларға ғана қолданылады.


 ТАЛҒАТ ДӘУРЕНБАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ СТАНЦИЯСЫ ОПЕРАТИВТІ БӨЛІМІНІҢ АҒА ФЕЛЬДШЕРІ
Яндекс қосымшасының артықшылығы көп. Колл-орталыққа түсетін жүктемені азайтады, қайта қоңыраулар санын қысқартады. Ең бастысы – ашықтықты қамтамасыз етеді. Бұл өзгерістер жедел көмектің дер кезінде және сапалы жетуіне мүмкіндік береді.


Жедел жәрдем орталығына тәулігіне екі мыңға жуық шақырту түседі. Соның ішінде 150-ден астамына көліктің қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін сілтеме жолданады. Алдағы уақытта бұл жүйені барлық шақыртуларға енгізу жоспарланып отыр.