Колледжді бітіріп, бірден Британияның дипломын қалтаға салу. Қалай естіледі екен? Иә, бұл ертегі емес, бүгінгі күннің шындығы! Шымкентте алғаш рет есігін айқара ашқан KazGASA колледжі студенттерге бірегей мүмкіндік ұсынып отыр. Мұнда оқыған жастар ертең қолына бір емес, бірден қос диплом алады: бірі-отандық, екіншісі-Ұлыбританиялық үлгідегі құжат. Ал оқуды тәмамдаған соң, университетке тікелей түсуге жол ашық. Еуропалық білімді Шымкентте алғысы келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік. Биыл білім ордасы 450 бақты талапкерді қабылдауға дайын. Жаңа жобаның басы-қасында кімдер бар және оқу құны қанша? Қанат Жолдасбектің материалын көрейік.
Жұмысшы мамандықтарына басымдық беретін оқу орны базасында өндірістік шеберханалар жұмыс істейді. Студенттер теорияда алған білімін іс жүзінде қолданып, мамандығына машықтана алады.
ЕРАСЫЛ МАМЫРБЕКОВ, KAZGASA КОЛЛЕДЖІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
– «Құрылыс компаниясымен бірлесіп колледж ашып отырмыз. Студенттерді толықтай дуальды жүйемен оқытамыз.» «Екінші курстан бастап олар құрылыс компаниясында жұмыс істеп, стипендиядан бөлек табыс таба алады.»
Жауаптылардың сөзінше, колледж бағдарламасын аяқтаған студент білімін Алматыдағы KazGasa университетінде жалғастыра алады. Жоғары білімді 3-курстан бастауға мүмкіндік бар. Заманауи оқу орны Британия университетімен байланыс орнатқан. Түлектер бір емес, екі дипломды қатар алып шығады.
БАҚТИЯР САБДЕНАЛИЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ РЕКТОРЫ
– «Интерьер дизайн сияқты мамандықтар бойынша Британия университетімен қос дипломды бағдарлама бар. Сол бағдарламаға қатысуға болады. Яғни, колледж бітірген соң уақыт жоғалтпай 3-курстан бастап оқуға болады. Сондай-ақ Қазақстан мен Британия дипломдарын қатар алуға мүмкіндік бар.»
Жаңа колледж базалық құрал-жабдықтармен және практикалық техникалармен толық жабдықталған. Қыркүйек айында 450 студент қабылдауды жоспарлаған мекеме қазір қосымша білім беру ғимаратын салып жатыр. Онда оқу кабинеттері мен спорт залы орналаспақ. Құрылыс жұмыстары маусым айының соңында аяқталады деп күтіліп отыр. Шалғай елді мекендерден келіп оқитын талапкерлер үшін 60 орындық жатақхана да қарастырылған.
ИКРАМЖАН МҰХАМЕДЖАНҰЛЫ, KAZGASA КОЛЛЕДЖІНІҢ ШЫМКЕНТТЕГІ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
– «Тоғыз мамандық бойынша оқытамыз.» «Дәнекерлеу ісі және жиһаз өндірісі сынды бағыттар бар.» «Екінші корпусымызда зертханалық жабдықтар, спорт зал, акт залы болады.»
Айта кетейік, құжаттар маусым айының 25-і мен тамыз айының 25-і аралығында қабылданады. Колледж талапкерлерге ақылы және ақысыз негізде білім береді.