Вьетнамның Дананг қаласында өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында түркістандық балуандар жарқын жеңіске жетті. Құрлықтың мықтылары жиналған додада жерлестеріміз алтын, күміс және қола жүлдені қанжығасына байлап, ел мерейін үстем етті.


 Еркін күрестен 71 келіде белдескен Әділет Рысбай қарсылас шақ келтірмей, Азия чемпионы атанды. Ал қыздар күресінен 57 келіде сынға түскен Арайлым Көпжасар финалға дейін сүрінбей жетіп, күміс медаль иеленді. Сондай-ақ 92 келі салмақта бақ сынаған Нұрислам Айтуған қола жүлдеге қол жеткізіп, ұлттық құрама қоржынына тағы бір медаль салды.


 Жас спортшылардың бұл жетістігі – өңірдегі спорт саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Түркістандық балуандар енді алдағы халықаралық жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғаймыз деп отыр.