Бір сәтте күл-қоқысқа толған өзен-көл жағалауы әп-сәтте тазарып шыға келсе, қалай болар еді? Шымкентте дәл осындай көрініске тұрғындар мен еріктілер куә болды. «Тазабұлақ» акциясы аясында өткен сенбілікке 300-ден аса адам шығып, табиғатты тазартуға жұмылды. Қала аумағындағы арық-атыздар мен Бадам өзені бойы күл-қоқыстан тазартылып, ортақ күштің нәтижесінде айтарлықтай ретке келтірілді. Әрбір жиналған қоқыс – таза қалаға жасалған нақты қадам болды.


11-сыныпқа өткен Әмір Әріпбай – UNICEF халықаралық еріктілер ұйымының мүшесі. Ол сенбіліктерге тұрақты қатысып, қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүр. Бүгін ол достарымен бірге шамамен 200 келіге жуық қоқыс жинады. Қалдықтар арнайы жүк көліктеріне тиеліп, қоқыс полигонына жөнелтілді.


 ӘМІР ӘРІПБАЙ, ЕРІКТІ
– «Шымкент – менің сүйікті қалам. Оның әрдайым таза әрі абат болғанын қалаймын. Менің ойымша, шаһардың көркеюі мен гүлденуіне тек әкімдік емес, әрбіріміз жауаптымыз. Сол себепті мен өзімді табиғатты қорғау және тазалық жұмыстарына белсене атсалысуға міндетті санаймын.»


Еріктілер қоқыс жинаса, коммуналдық қызметкерлер арнайы техника көмегімен бейберекет өскен ағаш-бұталарды бұтап, шөптерді тазалады. Оннан астам техника жұмыс істеп, өзен-көл жағалауын толықтай ретке келтірді.


ДҮЙСЕН ҚҰЛТІЛЕУОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаты – табиғатты аялау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Тазалықты сақтау арқылы халыққа үндеу жасау.


Бадам өзені аумағы еріктілер мен коммуналдық қызметкерлердің күшімен шамамен 1,5 сағат ішінде толықтай тазартылды. Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, арық-атыздар мен өзен-көл жағалаулары тұрақты бақылауда болып, ластануға жол берілмейді. Осылайша кезекті сенбілік қала тұрғындары үшін тиімді әрі нәтижелі өтті.