Шымкент кештері бұрынғыдан өзгерек. Қала саябақтары демалыс күндері нағыз ашық аспан астындағы сахнаға айналып, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлап жүр. «Шымқала кештері» жобасы аясында өткен бұл жолғы мәдени кеш те көрерменге мерекелік атмосфера тарту етті.


Шымсити саябағында өткен кеште қалалық қуыршақ театры «Қожа мен спорт» спектаклін сахналады. Балаларға арналған қойылымда спорттың пайдасы мен белсенді өмір салтының маңызы қызықты оқиға арқылы жеткізілді. Сахнадағы әр көрініс кішкентай көрерменнің назарын бірден баурап, саябақтағы кешке ерекше реңк берді.


 АРУЖАН ӘДІЛГЕРЕЙ, ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
Осындай кештерге келушілердің де қатары артып жатыр. Ашық сахнада өнер көрсету біз үшін ерекше тәжірибе, қала мәдениетіне серпін беріп отыр.


Саябақтағы әр сәт көрерменнің белсенді қатысуымен есте қалды. Балалардың ықыласы қойылымның әсерін күшейтіп, кешті жай ғана спектакль емес, ортақ эмоцияға толы мәдени оқиғаға айналдырды.


ЕЛДОС ШЕГЕМБАЕВ, ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
Бұл біз үшін тек қойылым емес. Әр апта жаңа сахна, жаңа көрермен, жаңа әсер. Ашық алаңда өнер көрсету шығармашылығымызды да шыңдайды.


«Шымқала кештері» – қала тұрғындары үшін демалысты мазмұнды өткізудің жаңа форматы. Мұндай мәдени кештер Шымкенттің өзге де саябақтарында жалғасып, қаланың кешкі өмірін жандандырып келеді.