Жол, жарық, лифт, қауіпсіздік. Шымкенттің Тұран ауданында тұрғындарды толғандырған мәселе көп. Демалыс күні қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халықпен бетпе-бет кездесіп, ауданның қордаланған проблемаларын талқылады.


Кездесуде тұрғындар коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты шағымдарын айтып, аула аумақтарын абаттандыру, кәріз жүйелерін жүргізу және көпқабатты үйлердегі кәсіпкерлік нысандардың жұмысына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар қаңғыбас жануарларды аулау, қоғамдық тәртіпті күшейту, ескі балалар және спорт алаңдарын жаңарту мәселесі көтерілді. Халық аулаларға қосымша бейнебақылау камераларын орнатуды, тозығы жеткен лифт жабдықтарын ауыстыруды және «Жаңаталап» шағынауданынан учаскелік полиция пунктін ашуды сұрады. Қала әкімі мен жауапты сала басшылары көтерілген мәселелер бойынша түсіндірме беріп, бірқатар өтініш бақылауға алынатынын мәлімдеді. Тұрғындардың талап-тілегін кезең-кезеңімен шешу тапсырылды.