Күні-түні адам өмірі үшін күресетін дәрігерлер бұл жолы спорт алаңында сынға түсті. Медицина қызметкерлері күніне орай өткен дәстүрлі спартакиадаға 43 денсаулық сақтау ұйымынан мыңға жуық маман қатысты.


 Ақ халаттылар волейбол, кіші футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, гір көтеру және арқан тарту бойынша өзара мықтыны анықтады.


САМАТ ТАШБЕКОВ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
 – «Біздің күнделікті қарбаласқан жұмыста бір-бірімізбен сөйлесуге уақытымыз болмайды. Спартакиада өтіп жатқанына өте қуаныштымыз.» «Осы спартакиада арқылы өзара байланысты нығайтып жатырмыз.» «Дайындықты 5-6 ай бұрын бастадық. Футболға, волейболға, командалық ойындарға дайындалдық. Қолдау көрсеткен басшылыққа рақмет айтқым келеді.»


Екі күнге созылған тартысты бәсекеде Балалар ауруханасының командасы топ жарды. Жалпы командалық есепте қарсыластарын артта қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды №1 клиникалық аурухана иеленсе, үздік үштікті жедел жәрдем станциясының ұжымы қорытындылады. Жеңімпаздар кубок, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық додадағы басты мақсат – медицина мамандары арасындағы ауызбіршілік пен әріптестік байланысты нығайту.


 АБАЙ РАХМАТУЛЛАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Дәстүрлі дода жыл сайын міндетті түрде өткізіледі.»  «Медицина қызметкерлерінің спартакиадасы – бұл тек жарыс емес, салауатты өмір салтын насихаттап, денсаулық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік жоба.»