Қазақстан бойынша көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. Шаруалар уақытпен санаспай еңбек етіп, егіс көлемін ұлғайтқан. Мамандар мұны елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтудегі маңызды кезең деп бағалап отыр.
Республика көлемінде 23,8 миллион гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық көрсеткіш. Дала жұмыстары барлық өңірде агротехникалық талаптарға сай жүргізілді. Науқан кезінде шаруаларға мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділік арттырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, су үнемдеу технологияларын енгізу және қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамту жұмыстары күшейтілді. Егіс басталғанға дейін барлық аймақта топырақ дайындау шаралары толық жүргізілген. Мамандар қабылданған қолдау тетіктері науқанның тұрақты әрі сапалы өтуіне оң әсер еткенін айтады.