Үйіңіз бар ма? Онда мүлік салығын төлеуді ұмытпаңыз. Әйтпесе өсімпұл есептеліп, тіпті банк шоттарыңызға шектеу қойылуы мүмкін. Шымкентте биыл 263 мыңға жуық тұрғынға жалпы сомасы 2,6 миллиард теңге көлемінде мүлік салығы есептелген.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрғындарға есептелген салық сомасы туралы хабарламалар жіберіледі. Ал мамандар мүлік салығын төлеудің соңғы мерзімі 2026 жылдың 1 қазаны екенін ескертеді. Егер осы уақытқа дейін төлем жасалмаса, азаматқа алдымен салық берешегі туралы хабарлама жолданады. Хабарлама алғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде қарыз өтелмесе, берешек мәжбүрлі түрде өндіріліп алынады. Бұдан бөлек, әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл қосылып отырады.
АСХАТ ТАУЫМБЕКОВ, ШҚ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ ӨНДІРІСТІК ЕМЕС ТӨЛЕМДЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ
Берешек сомасы 40 АЕК-тен асқан жағдайда елден шығуға уақытша тыйм салынады.Сот орындаушылары өндіріп алынатын берешек сомасының 25 пайызына дейін қосымша атқарушылық төлем өндіреді.Осыған байланысты мүлік салығын уақытылы төлеуге шақырамыз.