Биылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда жасайтын кәсіпкерлер үшін жаңа талаптар күшіне енеді. Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армениядан тауар әкелетін бизнес өкілдерін енді салық саласындағы бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Жаңа Салық кодексі әсіресе импортпен айналысатын кәсіпкерлерге тікелей әсер етпек.


 Кодекстегі басты өзгерістердің бірі – қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өсуі. Бұған дейін 12 пайыз болған көрсеткіш енді 16 пайызға дейін көбейеді. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін тауарлардың салықтық жүктемесі артады деген сөз. Сонымен қатар, қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелудің шекті мөлшері де төмендетілді. Енді жылдық айналымы шамамен 40 миллион теңгеден асатын кәсіпкерлер міндетті түрде ҚҚС есебіне тұруы тиіс. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс шағын және орта бизнеске айтарлықтай әсер етуі мүмкін.


 НИГИНА КАДЫРОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
 Қосымша құн салығы бойынша тіркелу шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетілді. Сондай-ақ ЕАЭО елдерінен қызмет көрсететін компанияларға электронды шот-фактура рәсімдеу тәртібі де өзгерген. Енді олар виртуалды қойма жүйесі арқылы жұмыс істейді. Ал медициналық препараттарға 5 пайыздық мөлшерлеме қолданылады.


Дегенмен жаңа кодексте кәсіпкерлер үшін жеңілдіктер де қарастырылған. Енді камералдық бақылау бірден жаза қолдануға емес, алдымен ескерту жасауға бағытталады. Егер кәсіпкер есептілікте қателік жіберсе, оны түзетуге мүмкіндік беріледі.