Шымкентте академик, химия ғылымдарының докторы Әбдімұса Қуатбековті еске алуға арналған тартысты волейбол бәсекесі ұйымдастырылды. «Достық» спорт кешеніне еліміздің әр аймағынан келген жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы жиналып, спорт алаңында шеберліктерін сынға салды.


Күнделікті аудиторияда дәріс оқитын ғалымдар бұл жолы спорттық форма киіп, жеңіс үшін алаңға шықты. Сегіз командадан құралған додада ойыншылар әр ұпай үшін аянып қалмады. Әсіресе жанкүйерлердің қызу қолдауы жарыстың көркін қыздыра түсті.


 БЕРДІҚҰЛ САДЫҚОВ, ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОР
Командалардың барлығы жоғары дайындықпен келген. Финалдық ойында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құрамасы басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал екінші орынды Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің командасы иеленді.


Биылғы доданың басты ерекшелігі – ауқымының кеңеюі. Бұрын облыс көлемінде ұйымдастырылып келген жарыс енді республикалық деңгейге көтерілді. Бұл спорттық бәсекенің маңызын арттырып қана қоймай, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты да нығайта түсті.


 ЕРЖАН ЖАНТІЛЕУОВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАГИСТРІ, АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
 Командалар Тараздан, Түркістаннан және өзге өңірлерден келді. Ойындар өте тартысты өтті. Ақтық сында Халықтар достығы университетімен кездесіп, бірінші орын үшін күрестік. Нәтижесінде біздің команда жеңіске жетті.


Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды.