17 жастағы бойжеткенді алып қашып, 14 жыл бойы ұрып-соққан. Шымкенттік келіншек күйеуінен қысым көріп, жылдар бойы таяқ жегенін айтады. Сөзінше, сүйіп-сенбей, танып-білмей қосылған қосағы қол көтеріп, маза бермеген.
Салтанатты - 14 жыл бұрын алып қашқан. Ол кезде келіншектің жасы 17-де еді. Бастапқыда бөтен үйді жатсынып, қарсылық танытқан. Бірақ, ортаға жеңгетайлар түсіп, адам ұрлауды дәстүр деп түсіндірген. Табалдырық аттадың, кері қайтсаң қара бет боласың деп, жазмышқа көну қажетін айтқан.
Содан бері 14 жыл өткен. Сөзінше, сынықтан сылтау іздеп, көрінгеннен қызғанатын күйеуі қит етсе ұрыс шығарып, төмпештеуді әдетке айналдырған. Салтанат оған төзбей, балаларын алып дағдарыс орталығына келген. Артынша жұбайы іздеп келіп, кешірім сұраған. Дөрекілікті доғарамын деп уәде берген. 6 перзенттің анасы баларардың әкесіз қалмауын ойлап, күйеуімен татуласқан. Алайда, көп өтпей отағасы антынан айнып, ескі әдетіне басқан. Міне, шыдамы сарқылған келіншек 2 ай бұрын дағдарыс орталығына қайта келген. Сөзінше мұның бәрі сүйіп-сенбей, танып-білмей тұрмыс құрудың нәтижесі.
АИДА НҰРЖАНБАЙ, ТІЛШІ
Мына қақпаны қағып, есікті ашу өте қиын іс әрі соңғы амал. Мен үшін емес, қосағынан қорлық көріп, тіреуінен таяқ жеген әйелдер үшін. Күйеуі күн бермей, барар жер басар тауы таусылған аналар амалдың жоқтығынан дағдарыс орталығына келіп күнелтеді. Дәл қазір мұнда шеттей балаларын жетекке алған 10-ға жуық ана бар. Жыл басынан бері 44 ана келген. Орталық қызметкерінің айтуынша: басым бөлігі алып қашу құрбандары.
ҒАЛИЯ МУТАЛИЕВА, №3 ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «10 ананың 5-6 алып қашу құрбаны болып саналады.» «Зорлық-зомбылық бойынша келетін әйелдердің басым бөлігі алып қашу құрбандары деп айтсам болады. Екеуі жүріп, сүйіп қосылмаған соң ол отбасы әрине нық болмайды.»
Заң бойынша, келісімсіз қыз алып қашқандар 2 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 20 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
ИСФАНДИЯР ҚҰРАЛБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Аталған баб үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде үйлену мақсатында адамды ұрлап кету.» «200 АЕК салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 2 жылға бас бостандығынан шектеледі не айырылады. Ал екінші бөлігі 5 тармақтан тұрады.» «Осыларға байланысты 5000 АЕК көлемінде айыппұл салынады, 5 жылға дейін бос бостандығынан айыру көзделген. Үшінші тармақ бірінші және екінші тармақта көрсетілген қылмыстардың нәтижесінде ауыр зардап келетін болса 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.»
АИДА НҰРЖАНБАЙ, ТІЛШІ
Міне, алып қашудың алғашқы сәті осылай басталады. Мұндайда көну керек пе, әлде қарсы тұру керек пе?
Мәселе мәжіліс мінберінде көтеріліп, оған қатысты заң жобасы әзірленді. Жуық арада күшіне енеді. Депутат Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, алып қашу – өзіне деген сенімі төмен, жасық адамның әрекеті.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ
– «Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт ол нағылған жігіт ол?» «Көшеге барып қызды салып алады, бүктеп-бүктеп» «Басқа ұлттың біреуі жасамайды соны, жасап жүрген өзіміз» «Бұл балабақшадан бастап баланың миына сіңіріп қоятын зат болуы керек.» «Егерде біз болашақ ананы қорғамайтын болсақ мемлекеттің болшағы жоқ деген сөз.»
Қоғам пікірі екі ұдай. Алып қашуды – бір топ дәстүр санайды, енді бір топ үшін бұл қылмыс. Ел ішінде алып қашу арқылы бақытты болғандар бар. Бірақ еріксіз ерге шығып опық жегендер де аз емес. Бұл тұста сіз қалай ойлайсыз?