Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, ағымдағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Алдымен, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда жеңіл атлетиканың төрт сайысынан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Әкім жүлдегерлерді жеңісімен құттықтап, жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ҚР Жеңіл атлетика федерациясына және оның президенті Ольга Рыпаковаға алғыс білдірді.


Сапар аясында федерация басшылығымен 2028 жылы Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионатын өткізу мүмкіндігі талқыланды. Бұл - қала мен ел үшін ауқымды әрі маңызды халықаралық спорттық іс-шара болмақ. Сонымен қатар келесі жылы Шымкентте түрлі жас санаттары бойынша Қазақстан чемпионаттарын өткізу жоспарланып отыр. Бұл жарыстар жас спортшыларға өз шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Қала әкімі спорттық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков Тұран ауданындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жауапты мамандарға аурухана аумағын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жандандыру тапсырылды.


Бұдан бөлек, қала әкімі «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының қызметімен танысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ақпараттық-кеңестік, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар олардың жұмысқа орналасуына жәрдем беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс сапары барысында әкім қала аумағында ауыр жүк көліктерін бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу бекеттері жобасының жүзеге асырылу барысымен де танысты. Қазіргі таңда осындай үш бекет орнатылып, метрологиялық тексеруден өткізіліп, сынақ режимінде жұмыс істеуде. 2025 жылдың 15 қазанынан бастап бұл бекеттер арқылы тіркелген нақты салмақ көрсеткіштері негізінде ереже бұзған көлік иелеріне айыппұл салына бастайды. Алдағы уақытта тағы алты станцияны іске қосу жоспарлануда. Бұл шаралар жол инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз етіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.