Түркістанда туризмге ерекше басымдық берілуде. Осы ретте облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Бәйдібек қаған» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесті.

 

Кездесу барысында Бәйдібек ауданының туризм саласына инвестиция тарту, киелі орындар мен кесенелер маңын абаттандыру мәселесі қаралды. Сонымен бірге ауданда туристер мен зияратшылар үшін қонақүй салу, туристік инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар беріліп, ұсыныстар бақылауға алынды. Айта кетейік, аймақтағы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша оң көрсеткіштер байқалады. Орналастыру орындарының, демалыс аймақтарының, сауықтыру кешендерінің саны артып, туристер легі көбейген. Биылғы жартыжылдықта орналастыру орындарында 151 мың турист демалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Сондай-ақ 2025 жылдың 8 ай қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға 123,2 мың адам келген, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,5%-ға жоғары. Бұдан бөлек, тарихи орындарға 736,3 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 %-ға артып отыр. Аталған бағытта негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі биыл 36,9 млрд. теңгеге жетіп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36,4%-ға артқан.