Шымкентте бочча паралимпиадалық спорт түрінен инклюзивті турнир өтті. Доданы Қазақстанның бочча федерациясы ұйымдастырды. Шараның мақсаты – инклюзивті қоғамды дамыту және ерекше балаларды спортқа тарту.
Турнирге 10-нан астам ерекше балалар мен 20-ға жуық дене шынықтыру пәні мұғалімдері қатысты. Сайыс ұстаздар арасында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту жолдарын көрсетуге бағытталған.
НҰРГҮЛ ҰЛЖЕКОВА, ҚР БОЧЧА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ
Бізде он топ қатысып жатыр. Турнирдің негізгі ерекшелігі бұл инклюзивті, яғни сау балалар, адамдар және ерекше білім беруді қажет ететін балалар қатысуда. Он топ әр топта 3 қатысушы. Топтық жарыстарда бочча спорт түрінен осындай инклюзивті жарыстар ұйымдастыруға болады.
Турнир алдында дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған бейімделген дене шынықтыру және бочча бойынша семинар өткен. Семинардың негізгі мақсаты – бейімделген дене шынықтыру, оның әдістері мен құралдары туралы хабардар болу деңгейін арттыру, сондай-ақ паралимпиадалық спорт түрі боччамен таныстыру.
ЖАНСАЯ БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МҰҒАЛІМІ
Екінші күн семинар болып жатыр. Енді балалармен ойынға келдік. Жарыс болады осы жерде. Кеше теориялық түрде үйретсе, бүгін практика жүзінде. Яғни, ерекше балаларды алып келіп ойын көрсетіп жатырмыз.
Айта кетейік, Бочча – доппен ойнайтын спорттық ойын. Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар қатысады. Аталған сайыс түрі 1984 жылы Паралимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Қазіргі таңда бұл спорт мүгедектігі бар азаматтардың, әсіресе, балалар мен жастардың арасында үлкен қызығушылыққа ие.