Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше елдегі әрбір үшінші бала созылмалы ауруға шалдыққан. Жылдан жылға көбейіп келе жатқан қатерлі дерт – ұлттық медицина мамандарын алаңдатып отыр. Мәселені талдап, шешім табу мақсатында Түркістанға Орталық Азия, Ресей, Түркия, Қытай, Еуропа және АҚШ мемлекеттерінен жетекші сарапшылар келеді.
«Балалар ауруларын емдеудегі сарапшылардың пәнаралық консенсусы» атты II Халықаралық ғылыми-білім беру конференциясында өзекті мәселелер талқыланды. Перинатология, педиатрия, балалар хирургиясы саласының мамандары тәжірибе алмасып, білгенімен бөлісті. Шетелдік ғалымдар жергілікті ауыруханаларды аралап, әріптестер жұмысына оң баға берді.
НИСО ОДИНАЕВА, МӘСКЕУ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ПЕДИАТРЫ
– «Бізді бір бағытта қозғалып келе жатқанымыз қуантады. Бізде ортақ мәселелер көп. Соған жұмыла отырып ортақ шешім табуымыз қажет. Сол үшін де біз осындамыз. Жергілікті дәрігерлердің біліміне, іс-тәжірибесіне ризамын. Білікті мамандармен тәжірибе алмасу – кәсіби дағдыны ұштауға көмектеседі.
2 күнге жоспарланған конференция барысында мамандар ортақ мәселелерді талдап, шешім жолдарын іздейді. Өзара тәжірибе алмасып, біліктілік ұштайды.
Түркістан облысына 250-ге жуық ақ халатты маман қажет. Сұраныстың басым бөлігі балалар дәрігерлеріне түсіп отыр. Тапшылықты жою жолында аталған конференцияның маңызы жоғары дейді мамандар.