«Ауыл» партиясы мұғалімдерді ардақтады. Ұстаздар күніне орай саяси ұйымның қалалық филиалы бастауыш ұйым өкілдерін марапаттады. Білім саласында қызмет етіп жүрген партия мүшелеріне құрмет көрсетілді.
Нағима Шерім - Әл-Фараби мектебінің бастауыш сынып мұғалімі. Партияға мүше болғанына 15 жылдан асқан. Салтанатты шарада білікті маман «Ауыл» партиясының 25 жылдық медалімен марапатталды.
НАҒИМА ШЕРІМ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Бүгінгі көңіл-күйіміз өте керемет. Партияластарымызды жақсы көңілмен қарсы алып жатырмыз. Бізге сыйлықтар беріліп жатыр. Өзім «Ауыл» партиясының мүшесі болғаныма өте қуаныштымын.
Партияның өңірлік филиал аппаратының басшысы Ғани Қарабеков салтанатты шараға арнайы келіп, бастауыш ұйым өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол үзеңгілестеріне ақ тілегін айтып, «Ауыл» партиясы өз адамдарын әрдайым қолдайтынын тағы да дәлелдеді.
ҒАНИ ҚАРАБЕКОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АППАРАТ БАСШЫСЫ
Біздің төрағамыздың тапсырмасымен әр облыста құттықтау шаралары өтіп жатыр. Шымкентте партия құрамында 250-ге жуық мұғалім бар. Солардың барлығын құттықтап жатырмыз. Ең ірі бастауыш ұйымдардың қатарында Манап Өтебаев колледжі мен осы Әл-Фараби мектебі бар.
Айта кетейік, ұстаздарды құттықтауға Қазақстанның Еңбек Ері Алина Соловьева да келді. Ол «Ауыл» партиясының мүшесі болмаса да, ұйымның игі ісіне ризашылығын білдіріп, әріптестерін мерекемен құттықтап, барша мұғалімдерді жауапты қызметте қажырлы болуға шақырды.