AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен игі жоба жалғасын табуда. Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында республикалық Road-эстафета шеңберінде «Чемпиондық Рух» жобасы қайта қолға алынды. Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта өткен салтанатты шараны тілші әңгімелейді.


 Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жобасын бастағанда еліміздің белсенді жастарына иек артқан болатын. Жобаны жүзеге асыруға еліміздің әр аймағында жастар белсене атсалысты. Шымкенттік жастар да жобаны жандандырды.


БЕГЗАТ ТӨЛЕБАЕВ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

– Біздің жастар сол жобаны белсенді жүзеге асырып келеді. Былтыр жастар Road-эстафетасын іске қосып, Астана мен Алматы арасындағы жолды тазалап шыққан болатын. Биыл сол жобаны жалғастыра отырып, Алматы мен Қызылорда арасын тазалайтын боламыз.


Жоба аясында қаладағы демалыс аймақтарында сенбілік ұйымдастырылған. Ал Road-эстафетада өңіраралық күре жолдардың бойында тазалық шаралары өтеді. Қазір жастар бірінші кезекте Шымкенттің айналасын тазалауға кірісті.


БЕРЕКЕ КЕНЖЕБАЙ, БЕЛСЕНДІ

– Бұл іс-шара керемет деңгейде өтіп жатыр. Кеше арбат алаңында болды. Қазір өте үлкен жоба жүргізілуде. «Таза Қазақстан» жобасын бәріміз бірлесе қолдайық.


Өңіраралық жобаға мегаполистің өзінен 100-ге жуық жас қатысуда. Ал Түркістан облысынан 300-ге жуық белсенді күре жолдың бойын тазалауға кіріседі.