Еріктілер 800 шақырым жол жүріп, 90 тоннаға жуық қоқыс жинады. Алда тағы 400 шақырым бар. Экологиялық акция аясында «Жастар рухы» жастар қанаты республикалық эстафета ұйымдастырған. Онда 2 мыңға жуық белсенді Алматыдан Қызылордаға дейінгі аумақты күл-қоқыстан тазартып, жиналған қалдықтарды сұрыптауға жібереді.
Экоэстафета 30 қыркүйекте басталған. Алматыдан аттанған 300-ге жуық белсенді Жамбыл облысына дейінгі аумақты тазартқан. Таразда эстафетаны жергілікті белсенділер қабылдап, Шымкентке жеткізген. Енді игі істі оңтүстік жастары жалғастырып, мәресіне жеткізбек. Жол бойындағы елді мекендерге аялдап, қоқыс тереді. Ескерткіштер мен қабырғалардағы заңсыз жазуларды өшіреді. Жергілікті тұрғындарға табиғатты аялау жөнінде насихат жүргізеді.
НҰРБОЛ СЕРІКБАЙ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ
Қоқыстардың барлығын сұрыптап жатырмыз. Арнайы түрлі-түсті қапшықтарымыз бар: шыны, қағаз, пластик деп бөлінген. Жиналған қоқысты ҚазАвтожолдың көліктеріне тиеп, қоқыс полигонына жөнелтеміз.
Дияс Талғатұлы – Өскемендік кәсіпкер. Шығыста дәмханалар желісін басқарады. Экоэстафета туралы ести салысымен, жұмысын көмекшілеріне тапсырып, Алматыға жеткен. Үш күн бойы 800 шақырым аумақты тазартып, қоғамға үлес қосып жүр. Жолда түрлі кедергілер кездескенімен, ол бастаған істі соңына дейін жеткізуге бел буған.
ДИЯС ТАЛҒАТҰЛЫ, ЭКОБЕЛСЕНДІ
– Ауа райы қиындық тудырды. Жамбыл облысында қар болды. Соған қарамастан жастармен бірігіп, жол бойын тазаладық. Техника жағынан ҚазАвтожол көмектесті
Күре жол бойындағы белсенділердің қауіпсіздігі басты назарда. Жол бойы оларды жергілікті тәртіп сақшылары сүйемелдеп жүр. Жеті күнге созылатын экоэстафета 6 қазан күні Қызылорда қаласында қорытындыланады. Айта кетейік, бұған дейін де осындай шара өткен. Ол кезде белсенділер Астанадан Алматыға дейінгі аумақты тазалаған болатын.