Шымкенттік жігіттер әуе-десанттық әскерге аттанды. ҚР Қарулы күштерінің Қонаев қаласындағы №32363 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке жас сарбаздар жолға шықты. Тақырыпты салтанатты шығарып салу рәсіміне қатысып қайтқан тілші тарқатады.
Әскер қатарына өз еркімен аттанып жатқан жастың бірі – Арсен Сәбит. Белсенді жас, отанды қорғауды әр азаматтың борышы деп санайды.
АРСЕН СӘБИТ, ӘСКЕРГЕ АТТАНУШЫ
Армияға баруым – отан алдындағы борышымды өтеу. Достарыма айтарым: ешқашан армиядан қашпаңыздар.
Әскери комиссариатта бірінші кезекте шекара қызметі бөлімшелерін жасақтау жұмыстары жүргізілген. Осы уақытқа дейін 180 сарбаз ел шебін күзетуге аттанған. Ал десанттық-шабуыл әскери бөліміне алғашқы лек осы жолы жіберіліп отыр.
ӘБДІҒАБИТ ШЕГЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ БАСТЫҒЫ
32363 десанттық-шабуыл әскери бөліміне ертең 40-қа жуық сарбаз жөнелтіледі. Патриоттық, отансүйгіштік тәрбиеге қорғаныс саласы ерекше көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысының жолдауында да жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге басымдық берілген.
ДҮЙСЕНБЕК ДӘРІБАЕВ, ОТАН СОҒЫСЫ ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА ТЕҢЕСТІРІЛГЕН АРДАГЕР
Жастарға біз сенеміз. Өзім де балаларға көп нәрсе үйретіп жүремін. Қазір жақсы ғой – Қазақстанның ішінде әскер, әрі бар болғаны бір жыл мерзім.
Салтанатты шара барысында Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығы жас сарбаздарды әскери қызметінің басталуымен құттықтап, оларға төзімділік, тәртіп және барлық сынақтарды сәтті еңсеруді тіледі. Шымкенттік өнерпаздар патриоттық әндер орындап, жас жігіттерге жігер берді. Әскерге шақырылу науқаны 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында жалғасады.