Шымкенттік полицейлер ірі көлемде ақша жымқырған күдіктілердіұстады. Қала тұрғыны өзін банк қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адамның қоңырауына алданып, полицияға жүгінген.
Алаяқтар азаматшаның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, өз нұсқауларын орындауға көндірген. Нәтижесінде, олар жәбірленуші мен оның жұбайының атына бірнеше банктен несие рәсімдеген. Тіпті үйі мен автокөлігін төмен бағамен сатуға да итермелеген. Келтірілген жалпы материалдық шығын 25 миллион теңгеден асады. Тергеу барысында жәбірленушілер қаражаттың бір бөлігін алаяқтардың нұсқауымен белгісіз шоттарға аударғанын, ал қалған соманы үйге келген курьерге қолма-қол бергенін айтқан. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктілерді Алматы және Шымкент қалаларында ұстады. Белгілі болғандай, ұрланған қаржы Шымкенттегі айырбастау пункті арқылы Грузияға аударылған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, іс материалдары сотқа жолданды.