Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мың бала» байқауы өз мәресіне жетті. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы өткізген шараға өңірдің түкпір-түкпірінен 20-дан астам жас талант қатысты.


 Қатысушылар «Ана тілім – арым» және «Өнерлі өрге жүзер» аталымдары бойынша өнер көрсетті. Қазылар алқасы олардың сөйлеу мәнері, сахналық мәдениеті мен актерлік шеберлігіне ерекше назар аударды. Байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеді.


ГҮЛСАРА ТОҚҚҰЛОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ

Бұл жерге ұлттық рухы мықты, ана тілін толық меңгере алатын, біздің ұлттық дәстүріміздегі киім, домбырада ойнау, өзін сахнада ұстау, сахна мәдениетін сақтау сынды дүниелерді меңгерген жастар жиналған.


 «Ана тілім – арым» аталымында бірінші орынды Зиёда Ирисматова жеңіп алды. Екінші орынға Мардона Абсаматова, үшінші орынға Шахризода Курбантаева лайық деп танылды. «Өнерлі өрге жүзер» аталымында топ жарған Бекзат Бахадир республикалық кезеңге жолдама алды.


ЗИЁДА ИРИСМАТОВА, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

Міне, көптен күткен арманыма қол жеткіздім.Енді арман қуып, Астана қаласына да барайын деп жатырмыз.Еңбегім ақталды деп ойлаймын.Бұйыртса, Астанада да ниет еткен орынды аламын деген сенімдемін. «Мың бала» жобасының ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін.


Жеңімпаздарға Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы мен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы атынан алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұл жоба жас таланттардың шығармашылық әлеуетін арттырып, рухани бірлік пен татулықты насихаттауға бағытталған.