Бүгін белгілі археолог Александр Подушкиннің Қаңлы мемлекеті жайлы монографиялық туындысы жарық көрді. Ұзақ жылдар бойы терең ізденіп, ғылымға тың жаңалық ұсынған ғалымның еңбегін шетелдік профессорлар жоғары бағалады. Кітапта қамтылған маңызды оқиғалар жайлы тілші әңгімелейді.
Саналы ғұмырын тарихты тануға арнаған Александр Подушкин Қаңлы мемлекетін 1992 жылдан бері зерттеп келеді. Профессор жыл сайын білім алушылармен бірге қазба жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлерді анықтаумен айналысады. Осы жылдар ішінде табылған жазба текшелер бүгінде Ұлттық музейдің алтын қорына айналды. Жаңа жарық көрген туындыда қаңлылардың тарихы ғана емес, әлеуметтік құрылымы, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі де бейнеленген.
ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, АРХЕОЛОГ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
– «Біріншіден, бұл – өңірдегі, облыстағы елеулі ғылыми оқиға. Бұл кітап – қаңлы елінің шығу тарихы жайлы жазылған туынды. Шыны керек, осы уақытқа дейін қаңлылардың тарихы мен мәдениеті жайлы көп нәрсе білмедік. Бұл деректер соңғы он жыл бойы жинақталып, автор арқылы бізге жетіп отыр.»
Кітаптың таныстырылымына әкімнің орынбасары Сәрсен Абайұлы арнайы қатысып, ғалымның еңбегіне жоғары баға берді. Қатысушылар автордың туындысын талқылап, оның тарихи маңызына тоқталды.
ЕРЖАН КЕРІМБЕКОВ, Ө.ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚМПУ ПРОРЕКТОРЫ
– Бұған дейін сақтар мен ғұндарға, қаңлыларға қатысты әртүрлі болжамдар айтылып келген. Ал бұл монографияда қаңлылар жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілгенін ғалымдар жоғары бағалап отыр. Бұрын да ақпараттар болған, алайда қазіргі монография қажетті деректердің бәрін қамтып, қаңлылар жайлы толық тарихи мәлімет ұсынады.
Қаңлы мемлекеті – отырықшы егіншілік пен қала мәдениеті қатар дамыған ерекше өркениет. Бұл бірлестік көпэтникалық құрылым ретінде сақ, сармат, сюнну және қаңлы тайпаларының рухани әрі мәдени бірлігін бейнелейді. Профессор Подушкиннің бұл монографиясы ежелгі қаңлылар өркениетін жаңа деңгейде танытуға тың серпін бермек.