Түркістан облысында жануарларды чиптеу арқылы ветеринария саласын цифрландыру бағытындағы пилоттық жоба жүзеге асырылмақ. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапары барысында Шаға ауылдық округінде қолға алынған жобамен танысты.


 Аталған бастама жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында енгізілмек. Жоба құны – 4 млн теңге, қуаттылығы 5 мың дананы құрайды. Чиптеу жүйесі енгізілген жағдайда облыс көлеміндегі мал басының нақты деректер базасы қалыптасады. Чип жануарға бір рет қана салынады. Осы арқылы жалған мал басын көрсету, бір малды бірнеше рет тіркеу сынды заңбұзушылықтарға жол берілмейді. Вакциналау жұмыстары сканер арқылы оқылып, деректер базасына жылдам енгізіледі. Аймақта ветеринария саласында 109 бірыңғай байланыс орталығы да іске қосылған. Бұл қызмет арқылы ауыл тұрғындары ветеринар мамандарға жүгініп, қызмет сапасына баға беріп, кері байланыс қалдыра алады.


ЕРБҰЛАН ЖӘНІБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
–Ауыл шаруашылығын есепке алу жолы – сырғаландыру болып табылады. Мал ұрланған жағдайда сырғасын кесіп тастайды, айлакерлер түрлі әдісті қолданып жатады. Ал чип орнату арқылы мал басының нақты деректер базасын қалыптастыруға болады.