Халық қалаулылары Шымкентте. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» фракциясының мүшесі Қарақат Әбден мегаполистегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сапар аясында қаладағы №143 жайлы мектепке арнайы соғып, ұстаздармен кездесті.
Кездесу барысында оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуы, білім сапасын арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мектеп инфрақұрылымына қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Ұстаздар тарапынан білім беру саласын дамытуға бағытталған ұсыныстар мен проблемалық сұрақтар көтерілді.
МИРА СҮЛЕЙМЕНОВА, №143 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
Мектебімізде 182 мұғалім қызмет етеді. Сапалы біліммен қатар “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы сабақ процесіне енгізілген. Бір жылдың ішінде мектебіміз бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.
Педагогтардың пікірлері мен айтылған мәселелер назарға алынып, оларды тиісті деңгейде қарастыру қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ мектеп ұжымының жүйелі жұмысы мен жауапкершілігіне оң баға берілді.
ҚАРАҚАТ ӘБДЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
– Басты мақсатымыз – сіздермен әңгімелесіп, жағдайды өз көзімізбен көру. Жалпы қандай мәселелер бар екенін білгіміз келеді.
Білім беру саласын қолдау, ұстаздардың еңбегін бағалау және оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау - «Ауыл» партиясы қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.