Түркістан өңірінде ірі жобалар қолға алынып, кәсіпорын ашуға ниетті инвесторлар қатары артып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компания өкілдерімен кездесіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған инвестициялық жобаларды талқылады. Нұралхан Оралбайұлы өңірдің инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін атап өтіп, өңір шетелдік капитал үшін сенімді әріптес бола алатынын жеткізді.
Түркістан облысында Қытай елінің үздік тәжірибесі негізінде су үнемдеу жабдықтарын өндіру қолға алынған. Осы мақсатта Жетісай ауданы, Асықата кентіндегі индустриалдық аймақта «Altyn Kun Group» ЖШС бастамасымен агроөндірістік кешенді дамыту жобасы іске асырылуда. Компания 8 гектар аумаққа 4 зауытты қосуға жоспарлап отыр. Бүгінде шетелдік инвестиция есебінен жобаның бірінші кезеңі бойынша 4 гектар жерге қуаттылығы 3000 тонна болатын ПВХ құбырын өндіру зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 3 млн метр тамшылатып суару лентасын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Қалған 4 гектар жерге қуаттылығы 5000 тонна агрономиялық пленка өндірісі мен 5000 тонна гранула өндірісі іске қосылады деп жоспарланып отыр. Инвесторлар жобаны іске асыру үшін 10,0 млн АҚШ долларын салуға ниетті. Биыл жобаны толық іске асырып, 100 жаңа жұмыс орынын ашу көзделген.