Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистегі бірнеше нысанды аралады. Шаһар басшысы әмбебап жедел қызмет кешенінің құрылысымен танысып, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының ғимаратын және оның материалдық-техникалық жабдықталуын тексерді.
Ғабит Сыздықбеков алдымен Тұран шағынауданында салынып жатқан әмбебап жедел қызмет кешенінің құрылысымен танысты. Әкімшілік ғимаратта жедел жәрдем, полиция мен қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері орналасады. Жобаның мақсаты – халыққа көрсетілетін көмек сапасын арттыру және қаланың қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосу. Ғабит Әбдімажитұлы одан соң қалалық №6 емханаға барды. Мекеме тұрғындарға амбулаториялық-емханалық, алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіп келеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдастыруда заманауи тәсілдер енгізу, процестерді цифрландыру және пациенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға басты назар аударылған. Шаһар басшысы бұдан бөлек Еңбекші ауданында «Юг Стил» серіктестігінің мырышталған сым өндіріс цехын аралады. Кәсіпорында 25 жұмыс орны ашылған. Тәуліктік өнім көлемі 15 тоннаға жетеді. Барлық өнім ішкі нарықта сатылуда.