Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 17 692 шақырымды құрайды. Биыл облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін қардан тазалауға 330 техника, 1155 жұмысшы жұмылдырылған. Көктайғақтың алдын алу үшін 10 мың текше метрден астам құм мен 2278 тонна тұз жинақталған.


Техникаларды 178 тонна дизель, 44 тонна бензин отынымен қамту мақсатында жанар-жағармай бекеттерімен келісімшарт жасалған. Жолдардың қысқы маусымдағы жағдайы, күтіп ұстау жұмыстары облыс әкімдігінде талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға нақты тапсырмаларды жүктеді. Облыс әкімі қосымша техника мен жұмыс күшін тартып, инертті материалдар мен жанар-жағармайдың резервтік қорын ұлғайту керегін айтты.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Қауіпті учаскелерге тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіп, жолдардың қардан уақтылы тазаруын бақылауда ұстауды тапсырамын. Жоспарланған жұмыстар мерзімінде іске асырылмаған жағдайда басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдерінің тәртіптік жауапкершіліктері қаралатындығын ескертемін»


Мәжілісте «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиал директорының орынбасары баяндама жасап, есеп берді. Айтуынша, арнаулы мекемелер ауа райының қолайсыздығына дайын әрі жолдардың жай-күйі тұрақты бақылауда. Ауа-райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан. Олар бір мезгілде 40 адамды қабылдауға қауқарлы, яғни, төсек-орын және азық-түлік өнімдерімен қамтылған.  


ҚУАТБЕК НҰРБАЕВ,  МӘЖІЛІСТЕ «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Аталған жол телімдерін күтіп - ұстау мақсатында облыс аумағында үш жол пайдалану бөлімшесі, оның ішінде 12 пункті, құм-тұз сақтайтын 2 ангар осы жылы іске қосылды.»


Жиын барында Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жуматаевтың да есебі тыңдалды. Жауапты маман басқарма атқарған жұмыстарға тоқталды.


ҚУАТЖАН ЖҰМАТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Бізде 4 жылыту бөлімшесі бар. Онда барлық жағдай қарастырылған.»


 Республикалық  маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп-ұстау үшін 69 арнайы техника бөлінген.  Биыл тағы 16 ірі техника сатып алу жоспарланған.