Еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 672-ге жетті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді. Ал 2024 жылы аталған көрсеткіш 835 болған. Бұл сектордағы қарқынды өсу мен дамуды көрсетеді. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілер тізілімі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын мәліметтері негізінде жүргізілген. Арнайы комиссияның материалдарды қарау нәтижесі бойынша қалыптасқан.
Комиссия ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды тізімге енгізу ұсынымын әзірлейді. Мұны Ұлттық экономика министрлігі тоқсан сайын жаңартып отырады. Еске сала кетейік, әлеуметтік кәсіпкерліктің жұмыс істеуіне арналған заңнамалық негіз 2021 жылы жасалған болатын. Алғаш рет азаматтардың және қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешетін кәсіпкерлік қызмет – «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымы нормативтік деңгейде бекітілді. Әлеуметтік кәсіпкерлікке мүгедектігі бар адамдардың бизнесі, ерекше қажеттілігі бар адамдарға, әлеуметтік осал топ өкілдеріне жұмыс орнын ұсынатын кәсіпорындар да жатады.