Салық түсімдері Түркістан облысының экономикалық моделіндегі сапалық өзгерісті айқын көрсетті. Өңір алғаш рет 1 триллион теңгеден астам салық түсімін жинады. Бұл көрсеткіш – жүйелі әрі ұзақ мерзімді экономикалық саясаттың нақты жемісі. Осы арқылы өңір экономикасы көлеңкелі айналымнан нақты есепке, ашықтық пен институционалдық тұрақтылыққа бет бұрды.

Соңғы жылдары іске қосылған жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар облыста тұрақты салық базасын қалыптастыра бастады. Президент тапсырмасына сәйкес облыста экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және адами капиталды күшейту бағытында кешенді жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде облыс индустриялық даму кезеңіне нық қадам басты. Отандық өндірісті кеңейту мақсатында өңірдің барлық аудандарында «Шағын өндірістік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған жобалардың іске асу барысын тұрақты бақылауда ұстап, жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстарды үйлестіріп келеді. Облыс аумағында 238 гектарды құрайтын 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Жоба аясында 248 өндірістік ғимарат салу жоспарланған, нәтижесінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы инвестиция көлемі 213 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 40 ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды, тартылған инвестиция көлемі 136 млрд теңгеге жетті. Өндірістік парктер аумағында жиһаз, жаңбырлатып суару жүйелері, мұздатқыш жабдықтар және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Алдағы кезеңде бейнебақылау камералары, медициналық жиһаз және тұрмыстық химия өнімдерін өндіру жолға қойылып, ішкі нарықты қамту және экспортқа шығару көзделіп отыр. 11 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Нәтижесінде шамамен 146 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі, бұл – инвестицияның нақты экономикаға, тұрақты табыс пен салық базасына айналғанын айқын көрсететін басты индикатор, - дейді.