Мобильді сервистер мемлекеттік қызметтерді алудың негізгі арнасына айналып жатыр. Мәселен былтыр Қазақстандықтар телефон арқылы 51,5 млн астам қызмет алған. Олардың шамамен жартысы eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетілген қызмет. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді. Еліміздегі мемлекеттік қызметтердің шамамен 90% онлайн форматта қолжетімді. eGov.kz порталына тіркелген пайдаланушыларының саны 15,1 млн адамнан асады. 2025 жылы азаматтар үшін 220 цифрлық сервис пен мемлекеттік қызмет қолжетімді болды.
Негізгі анықтамалар мен қызметтерден бөлек, азаматтар жаңа цифрлық құралдарды да белсенді пайдалануда. Ең сұранысқа ие сервистердің қатарында - банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту сервисі, соттылығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама, сондай-ақ заңды тұлғаның тіркеу әрекеттері туралы анықтама бар. Онлайн-сервистерді пайдалану кезінде ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру және пайдаланушылардың деректерін алаяқтардан қорғау жұмыстары күшейтілді. Атап айтқанда, 2025 жылдың қазан айынан бастап eGov.kz порталында авторизациялау тәртібі өзгертілді. Енді электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып жүргізілетін авторизацияның бірінші кезеңінен кейін пайдаланушы 1414 нөмірінен жіберілетін SMS-код арқылы жеке басын растауы қажет.