Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында салық реформасының негізгі мақсаты, ядролық энергия, қаңтар оқиғасына қатысты бірқатар ақпаратты айтып, ойын ортаға салды. Сұхбатта мерзімді баспасөздің қоғамдағы рөлі, оның ағартушылық миссиясы мен ұлттық құндылықтарды сақтаудағы маңызы жөнінде кеңінен ой қозғады.
Мемлекет басшысы қазіргі ақпараттық кеңістіктегі үрдіске тоқталды. Айтуынша, газет-журналдар бүгінде қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желілердің шектен тыс ықпалы адамдардың ойлау және танымдық қабілетіне кері әсерін тигізіп жатқанын атап өтті. Президенттің бұл ойымен Шымкент тұрғындары да келіседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастайынан мерзімді баспасөзді үзбей оқып келе жатқанын жеткізді. Бүгінде баспасөз заман талабына сай бейімделіп, газет тілшілері терең талдау мен жан-жақты сараптама жасауға басымдық беріп отырғанын ерекше айтты.
БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ, «АУМАҚТЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ» ТӨРАҒАСЫ
Мемлекет басшысы неге сұхбатты газетке беріп жатқанын нақты айтты. Өйткені өзім газетті жақсы көремін, газетті көп оқимын жалпы газет халыққа ақпарат жеткізетін үлкен бір құрал. Ол даму керек деген мәселені айтты.
Еңбек адамдарының шынайы өмірі мен қоғамға пайдасы жөніндегі нақты мәліметтер көбіне газет беттерінде жарияланады. Президент TikTok, Instagram немесе Telegram сияқты әлеуметтік желілер бұл тұрғыда үстірт ақпарат ұсынып, еңбек адамының шынайы тыныс-тіршілігін толық көрсете алмайтынын айтты.
Сұхбат соңында Мемлекет басшысы қоғам тек елең еткізер жаңалық пен қысқа бейнежазбамен шектелмей, мазмұны терең, ой салатын ақпараттың да қадірін түсінуі қажет екенін атап өтті. Әсіресе, жастардың білім мен ғылымға бет бұрып, оқу мәдениетін жоғары қоюы елдің болашағы үшін аса маңызды екенін айтты. Оқу мәдениеті дамыған елдер әрдайым жаһандық дамудың алдыңғы қатарында болатынына Президент еш күмән келтірмейтінін жеткізді.