Былтыр Түркістан облысында 460-тан астам құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталған. Құрылыс салушыларға айыппұл салынып, кейбір нысандарды бұзу туралы сот шешімі шықты. Өңірде заңсыз құрылыстармен күрес жаңа әрі қатаң кезеңге өткен.
Өткен жылы Түркістан облысында 469 құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталып, құрылыс салушыларға 325 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Заңсыз салынған 40 нысанды мәжбүрлеп бұздыру жөнінде сотқа талап-арыз жолданып, оның 5-еуіне қатысты бұзу туралы сот шешімі шықты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровке өңірдегі заңсыз құрылыстар туралы баяндалды. Жалпы облыс бойынша 1722 нысанның құрылысы басталып, мемлекеттік бақылауға алынған.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бірінші мәселе заңдастыру құжаттарын реттеу қажет. Адамдар айлап, жылдап құжат жинап, табалдырық тоздырмауы тиіс. Бюрократия – заңсыздықтың басты себептерінің бірі. Облыс аумағындағы заңсыз құрылыстың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, тұрақты түрде мониторинг жүргізіңіздер
Сондай-ақ, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тарту Байтұрсыновтың мәліметінше, 2025 жылы бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан 100 құрылыс нысанында заң бұзушылықтар анықталып, 121 құрылыс субъектісіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Нәтижесінде 103 миллион теңге айыппұл салынып, бірқатар құрылыс компанияларының лицензиялары бойынша жекелеген жұмыс түрлері тоқтатылды.
ТАРТУ БАЙТҰРСЫНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А
Аудан, қала, ауылдық округ әкімдіктерінің белгілеген аумақтағы заңсыз салынған құрылыстарды жасыру фактілері анықталған жоқ. Сондай-ақ, құрылыс аяқталған нысанға пайдалануға қабылдау актісіне қосалқы мердігерлерді заңсыз қосу бойынша 31 факті анықталды.
Аймақ басшысы шекара және демалыс аумақтарында өз бетінше құрылыс салуға қатаң тыйым салынатынын да нақты ескертті. Сонымен бірге тек жазалау шараларымен шектелмей, заңсыздыққа алып келетін жүйелі кемшіліктерді жою қажеттігін айтты. Сондай-ақ, заңсыз құрылыстарға дер кезінде шара қолданбаған лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қатаң қаралатыны ескертілді.