Туризм саласын дамыту мақсатында еліміздің бірқатар өңірінде жаңа ойын аймақтары салынады. Алаңдар тек шетел азаматтарына қызмет көрсетпек. Қазақстан азаматтарына аталған ойын залдарына кіруге тыйым салынады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.
ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бірқатар елде тек шетелдіктерге арналған ойын аймақтары туристерді тартудың және курорттық инфрақұрылымды дамытудың тиімді тетігіне айналған. Мұндай тәжірибе ішкі әлеуметтік ортаға кері әсер етпей, экономикалық өсімге оң ықпал етеді.
Министрлік арнайы әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізген. Оның қорытындысына сәйкес, Маңғыстау облысы тұрғындарының 46 пайызы шетелдіктерге арналған казино салу бастамасын қолдаған. Экономикалық болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңірге 148 мың шетелдік турист келеді деп күтілуде. Бұл 7 мың тұрақты жұмыс орнының ашылуына және бюджетке 1,2 млрд теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал Жетісу облысында сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы казино құрылысына қарсы емес екенін айтқан. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңір жыл сайын 36 мыңға дейін шетелдік турист қабылдап, шамамен 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Жергілікті бюджетке жылына 2,4 млрд теңге салық түсуі мүмкін. Алматы облысындағы сауалнамаға қатысқан тұрғынның 54,5 пайызы ойын аймақтарын салу бастамасын қолдайтынын жеткізген. Минстрліктің хабарлауынша, ойын аймақтарын белгілеу және олардың қызметі «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Аймақтардың нақты шекарасын жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Ал жұмыс тәртібіне сәйкес, ойын орындарына тек шетел азаматтар ғана кіре алады.