Мегаполис тағы бір мешітпен толықты. Халқы тығыз орналасқан Тассай шағын ауданында бой тіктеген нысан ел игілігіне қызмет ететін болады. Жұма күні жұмысын бастаған «Қожамжар ата» мешітінің ашылу салтанатына арна тілшісі қатысып қайтты.

Алла үйінің ашылу салтанатына келген жамағаттың қарасы қалың болды. Бір-біріне «құтты болсын» айтқан қауым мешітке кіріп, нәпіл намазын оқуға асықты. Алғы сөз алған қаланың бас имамы тұрғындарды құттықтап, діни мекеменің маңыздылығына тоқталды.

БАҚДӘУЛЕТ НҰРМАТҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ
Құрметті көпшілік, ардақты ағайын! Біздің қаламыз республикалық маңызы бар қалалардың алдында алғашқы орында екені өздеріңізге белгілі. Біздің қаламызда 100-ден аса мешіт бар.

Қожамжар ата мешітінің құрылысына атаның ұрпақтары атсалысқан. Нысанның бой тіктеуіне ерекше үлес қосқан Ержан Қожамжаров. Ол еліміз егемендік алған жылдары атажұртқа келіп, Шымкентте алғашқы рет мануалды терапияны қолға алған медицина саласының майталманы. Талай науқастың дертінен айығуына ықпал еткен алтын қолды дәрігер енді мешіт ашып, мұсылман қауымның алғысына бөленіп отыр.


МҰРАТ ҚОЖАМЖАРОВ, ҚОЖАМЖАР АТА ҰРПАҒЫ
Бұл мешітте барлық жағдай жасалған. Намаз оқитын жер астыңғы қабаты, дәмхана бар. Әйелдер мен ерлерге арналған дәретханасы, имамның бөлмесі де қарастырылған. Сонымен қатар, қазан ошақ барлық жағдаймен жабдықталған.

Бұл мешітте бір мезетте мың адам мінәжат ете алады. Қос қабатты нысанда жамағатқа барлық жағдай жасалған. Жұма намазға жиналған қауым Қожамжар ата мешіті рухани орталыққа айналсын деген тілектерін білдірді. Салтанатты шарадан кейін ас беріліп, ата-баба рухына арнап құран бағышталды.