Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбатында денсаулық сақтау саласына қатысты айтылған ойлар ерекше назар аудартады. Бұл - жалпы бағалау емес, жүйеде жинақталған мәселелерді ашық айтып, оларды шешуге бағытталған нақты ұстаным. Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен әлеуметтік нысандардың салынуы маңызды әрі орынды шешім. Елде денсаулық сақтау объектілерінің көп салынуы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға тікелей әсер етеді. Бұл, ең алдымен, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейтуге және халыққа жақын қызмет көрсететін инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.


 Президент сұхбатында жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігіндегі бұрмалауларды ашық атап өтті. Бұл - медицина саласында ұзақ жылдан бері қордаланып келе жатқан мәселе. Тәжірибеде көрсетілген қызмет көлемі мен қаржыландыру арасындағы сәйкессіздік, тіркелген тұрғын саны мен нақты ем алған науқастар арасындағы айырмашылық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығына әсер етеді.


ҚАЗЫБЕК ИСА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Дәрігерлердің өз статусы болуы керек. Тәжірибеде әр медициналық ұйымның контингенті бірдей емес екені анық байқалатынын айтты. Ауыр, созылмалы аурулары бар пациенттердің үлесі жоғары ұйымдарда жүктеме де, шығын да көбірек. Сондықтан қаржыландыру тетіктерін жетілдіру кезінде осы факторларды ескеру маңызды.


 Мемлекет басшысы "еліміздегі курорттар мен танымал туристік орындардың жаппай қонақ күтуге дайындығына күмән жоқ емес" деген пайымға қатысты пікір білдірді. Президент былтыр Қазақстанға миллиондаған шетел азаматы келгенін, ішкі туризм қарқынды дами бастағанын айтты. Осы тұрғыдан алғанда Шымкентке табан тірейтін туристердің саны жыл санап артып отыр.


ЗАМАНБЕК ОРЫНБЕКОВ, VISIT SHYMKENT ТУРИСТІК-АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда, бұл – жеткіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданады.


Тау шаңғысы туризміне қатысты жұмыстар жүйелі. Мамандар Шымкентке қонақ болғандарды Түркістан облысы аумағындағы «Тау самалы» шаңғы базасына баруға шақырады. Бұл жергілікті жердегі туризм саласын дамытуға оң серпін береді деп отыр.