Бүгін қала басшылығы мен ардагерлер кеңесінің мүшелері бас қосып, ел дамуының негізгі тетіктерін талқылады. Қатысушылар Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатын саралап, өзекті мәселелерге тоқталды.
Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы қатысып, Президент көтерген бастамалардың маңызын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, сұхбатта айтылған ой-тұжырымдар әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне жол ашып, мемлекеттік басқару мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Ең алдымен, ел экономикасының алты пайызға өскенін, ішкі жалпы өнім 300 млрд межесіне жеткенін атап өтті. Бұл әрине, біздің еліміз үшін жоғары рекордтық көрсеткіш.
Алқалы жиында ардагерлер қауымы Президент сұхбатында айтылған негізгі басымдықтарға тоқталды. Экономиканы жаңғырту, ұлттық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын өркендету жайы ерекше назарға алынды.
КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Экономиканың негізгі тірегі ауыл шаруашылығы екеніне тоқталды. Өткен жылы елімізде 27 млн астық өндірілді.1 трлн теңгеден астам ауыл шаруашылық иелеріне несие берілді.
Сондай-ақ, кездесу барысында ардагерлер кеңесінің өткен жылы атқарылған жұмыстары қорытындыланып, алдағы жоспарлары айтылды. Қатысушылар қоғамдық келісімді нығайту мен мемлекеттік бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.