Соңғы жылдары елімізде пластикалық операцияға жүгінетіндер саны артып келеді. Желіде желдей ескен жарнамаларға сенген кей арулар сәтсіз отаның салдарынан ел көзіне көрінуден қалған. Әдеміленемін деп ажарынан айырылғандар не істейді? Сұлулық индустриясының көлеңкелі тұстары жайлы әріптесім Аружан Самидин тарқатып айтады.


 Елімізде жыл сайын шамамен мыңға жуық адам пластикалық ота жасатады. Сұлулыққа сұраныс артқан сайын, түрлі эстетикалық орталықтар да көбейіп келеді. Ал көркіме көрік қосамын деп ажарынан айырылған арулар жайлы не деуге болады?


 Көрікті болып көрінемін деп адам неге бармайды десеңізші? Қалтасындағы қаражатын қиып, тәуекелге бел буады. Шымшаһарда блефаропластика деп аталатын әдіс күн өткен сайын сұранысқа ие. Маманның айтуынша, бұл процедураға көбіне егде жастағылар жүгінеді. Алайда арасында ажары айдай жарқыраған жас қыздар да бар.



Әйелдер арасында ең көп сұранысқа ие процедура – блефаропластика. Жас қыздар келсе, барынша түсіндіріп, жеңіл әдістерді ұсынуға тырысамыз. Ал қоғамда біліксіз дәрігерлердің кесірінен зардап шегіп жатқан адамдар да аз емес.


Иә, әдемі болғысы келмейтін ару жоқ. Дегенмен, сыртқы келбетін өзгертемін деп өмірімен қоштасқандар да бар. Ернін үлкейтуді қалаған мына бір бойжеткен жарнамасы жер жарған қызметке жүгінген. Алайда күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған.


 АЙМАН (ЕСІМІ ӨЗГЕРТІЛГЕН)

Бір косметологқа барып, ерін ісіру процедурасын жасаттым. Бірнеше күннен кейін ернімде көзге анық байқалатын түйіндер пайда болды. «Мүмкін, бұл қалыпты процесс шығар» деп өзімді жұбаттым. Косметологқа хабарласқанымда, ол мені әлеуметтік желіде бұғаттап тастады. Кейін басқа маманға барып, түзету жасатуға мәжбүр болдым.


Жалған сенім кейде адамды жарға жығады. Құлпырамын деп құбыжыққа айналарын кім біліп барады? Елімізде пластикалық отаның соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғалар да аз емес. Мәселен, денесіндегі артық майдан арылуды қалаған алматылық тұрғын отадан кейін көз жұмды. Арада көп өтпей Астанада да екі бірдей қайғылы жағдай тіркелді. Пластикалық отаға жүгінген тұрғындар дәрігердің салғырттығынан қаза тапқан.


Ал пластикалық ота жасатуға шариғат не дейді?


БЕРІК ШОТАБЕКОВ, А. СМАНОВ МЕШІТІНІҢ ИМАМЫ

Пластикалық отаны екі жағдайға бөліп қарастыруға болады. Егер адам оқыс оқиғадан қатты жарақат алып, келбеті өзгерсе, бұрынғы қалпына келу үшін ота жасатуға болады. Ал ешбір кемшілігі болмаса да, жаратылысына қарсы шығып, операцияға жүгіну шариғатта қатаң тыйым салынған.


Соңғы жылдары зейнетақы жинағын пластикалық отаға жұмсауға ниеттілер де көбейген. Небәрі бір айдың ішінде екі мыңнан астам өтініш түскен. Алайда мемлекет бұл бастамаға шектеу қойды. Әйел затының сұлулыққа ұмтылуы – табиғи құбылыс. Бірақ жасанды әдістің жарға жықпауы үшін, отаға жүгінбес бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн.