Шымкент қаласында қоғамдық көлікте билетсіз жүрген жолаушыларға қатысты жауапкершілік күшейтілді. Өткен жылы салынған айыппұл сомасы шамамен 70 миллион теңгеге жуық болған.


 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Шымкентте қоғамдық көлікте билетсіз жүргені үшін айыппұл мөлшері ұлғайды. Бұл әкімшілік айыппұлдарды есептеу кезінде қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің өсуімен байланысты. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, билетсіз жол жүргені үшін айыппұл көлемі — 2 АЕК, яғни 2026 жылы бұл сома 8 650 теңгеге тең. Ал өткен жылы айыппұл мөлшері 7 864 теңге болған. Ведомство мәліметінше, 2025 жылы Шымкентте билетсіз жол жүргені үшін 8 890 әкімшілік хаттама толтырылған. Қалада жолақы төлеуді күн сайын қоғамдық көлік бағыттарына шығатын 110 контролер бақылайды. Мамандардың айтуынша, төлемнің дұрыс әрі толық тіркелуі бүкіл көлік жүйесінің тиімді жұмысына тікелей әсер етеді.