Қала әкімі Момынов көшесінде салынып жатқан автомобиль өткелінің жұмыс барысымен танысты. Бүгінде құрылыстың 80 пайызы орындалған. Мердігер ұйымға нысанды сапа талаптарын сақтай отырып, белгіленген мерзімде аяқтау міндетін жүктеді. Сондай-ақ қаладағы Н.Назарбаев көшесінен Бәйдібек би даңғылына апаратын оң жақ өткел ашылды. Бұл көлік ағымының бағытын өзгертумен қатар жол жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, жүргізушілердің жолдағы уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.


Ғабит Сыздықбеков «Shymkent Bus» ЖШС-не барды. Кәсіпорын автопаркінде 539 автобус бар. Техникалардың жай-күйін және жанармай құю инфрақұрылымының жұмысын бағалады. Үшінші автоматтандырылған газ құю станциясының пайдалануға берілуі автобус бағыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, қозғалыс кестесін сақтауға мүмкіндік береді. Аралау соңында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Қайтпас» электр қосалқы станциясын қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Жобаны іске асыру 24 мыңнан астам абонентті сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге, желілердің тозу деңгейін 20 пайызға төмендетуге, өткізу қабілетін арттыруға және жаңа тұтынушыларды қосу үшін қосымша қуат беруге бағытталған.


Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, мегаполисте магистральды жолдардың өткізу мүмкіндігін арттыруға, көлік кептелісін азайтуға және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Қазіргі таңдағы және болашақтағы көлік ағымы ескеріле отырып, көлік өткелдері мен жолайырықтарын салу және жаңарту бойынша кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Н.Назарбаев көшесінен Бәйдібек би даңғылына апаратын оң жақ өткелдің ашылуы қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстың бір бөлігі саналады және осы учаскедегі жол қозғалысын оңтайландыруға бағытталған.