Жасанды интеллект – заман талабы. Жаңа технологияларды жылдам игеру арқылы ел дамуы қарқын алады. Мегаполистің ардагерлері мемлекет басшысының мақаласын талқылады. «Turkistan» газетінде жарияланған «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ» атты сұхбаты бойынша пікір алмасты.

 Қазақстан мемлекет ретінде цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін, – деді президент. Елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды.

ӘБИЛА КӨЛДІБАЕВА, ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
Біз жылдап есептейтін күрделі ақпараттарымызды бір секундта шешіп беретіні керемет жетістік. Суперкомпьютерлер келешекте еліміздің бүкіл экожүйесіне қызмет етеді. Мемлекеттік қызметтің барлық түрі енгізілетін болады.

Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет. Бұл – жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы. Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы атымызға сын екенін ардагерлер де құптап отыр.

СОЗАҚБАЙ ӘБДІҚҰЛОВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Қазақстанда жылына 24–25 мың тонна уран өндіріледі. Оның 16–17 мыңы оңтүстік өңірде, Созақ және Отарар аудандарында өндіріледі. Осы уақытқа дейінгі олқылықтардың орнын толтырып, атом электр станциясын салу керек.

Тағы бір өте маңызды тақырып – жер қойнауында сирек кездесетін металдар. Болашақта ондай материалдарға деген сұраныс арта береді, алдағы бес жылдың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте, Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік ашылады.