Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 919 мың гектар жерге егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Оның 536 мың гектары – жаздық, 208 мың гектары – күздік дақылдар, ал 175 мың гектары – көпжылдық жоңышқа.
Көктемгі дала жұмыстары облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңірде рентабельді әрі құрғақшылыққа төзімді дақылдарға басымдық берілуде. Атап айтқанда, мақта алқабы 162 мың гектарға, жүгері 55,2 мың, ал мақсары 85,5 мың гектарға жеткізіледі. Бидай егісі керісінше 24 мың гектарға қысқарып, 216,3 мың гектарды құрайды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Осы жылға берілген барлық тапсырманы орындауды тапсырамын.Қазіргі таңда жанар-жағармайға қатысты мәселе туындап отыр.Шешуге атсалысу қажет.
Су тапшылығына байланысты күріш биыл тек Шардара ауданында 3,5 мың гектарға егіледі. Мемлекеттік қолдау аясында жүгеріге берілетін субсидия ұлғайтылды.
ФАЙЗУЛЛА БАЙДУЛЛАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес, облыста биыл 203,5 мың гектар минерал тыңайтқыштар енгізіледі. Бүгінгі таңда облыста 25 мың тонна тыңайтқыш сақталған. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында арнайы агрегат құралдары да бар.
Қазіргі таңда өңірде жер жырту жұмыстарының 49 пайызы орындалған. Көктемгі жұмыстарға 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы тартылып, олардың 98 пайызы дайын. Биыл 2 мыңнан аса жаңа техника сатып алу жоспарланған. Жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі 34,7 млрд теңгеге дейін артады. Облыс әкімі жауапты мекемелерге егіс құрылымын сақтау, шаруаларды қолдау шараларын күшейтуді тапсырды.