Ішкі істер министрлігі азаматтарды инвестиция саласындағы алаяқтардан сақ болуға шақырады. Құзырлы орган мәліметінше, соңғы уақытта инвестиция және түрлі жобаларға ақша салу сылтауымен интернет-алаяқтық фактілері жиілеген. Әккілер жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, танымал тұлғалардың бейнесін қолдану арқылы азаматтарды инвестициялық жобаларға қаржы салуға үгіттейді. Жалған уәде беріп, жылдам әрі қомақты табыс табуға сендіреді.
Түрлі желеумен үшінші тұлғалардың шоттарына ақша аударуды ұсынады. Әдетте, ақша аударылғаннан кейін жалған брокерлер байланысын үзеді, ал уәде етілген пайда жалған екені анықталады. Кейбір жағдайларда алаяқтар "салық", "комиссия" немесе "сақтандыру жарналарын" төлеу қажетін алға тартып, қосымша қаражат сұрайды. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды сақ болуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Кепіл етілген табыс туралы ұсыныстарға сенбеуге, белгісіз адамдарға және күмәнді шоттарға ақша аудармауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады. Компаниялар туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер мен мемлекеттік тізім арқылы тексеруге және инвестиция салуды жоспарлаған жағдайда нарықты мұқият зерттеп алуға кеңес береді.