Шымкентте колледж студенттері арасында алғаш рет «Qaraquiz» зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Білім додасына 27 команда қатысты. Білім алушылар топпен жұмыс істеу қабілеттерін көрсетіп, түрлі интеллектуалдық тапсырмаларды орындады.

Шара жастардың зияткерлік әлеуетін арттырып, құқықтық сауаттылығын дамытуға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы білім сайысы студенттердің сыни ойлау қабілетін шыңдап, көшбасшылық қасиетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 АЗАМАТ ПАРМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл арнайы жоба аясында ұйымдастырылып отырған шара. Алдағы уақытта спорттық ойындармен жалғасады. Жеңімпаз атанған командаларға 2 млн теңгеге жуық қаржылай сыйақы табысталады.

Қатысушылар бес кезеңнен тұратын сайыста өзара бақ сынасты. Зияткерлік жарыс «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» акциясы және «Цифрлы Қазақстан» жобасы бағыттарын қамтыды.

НҰРХАН ҚАМБАР, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ГУМАНИТАРЛЫҚ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
 Бұл сайысқа көптен бері дайындалып жүргенбіз. Оқу орнының атын шығару үшін келіп отырмыз. Ұтамыз деген ниеттемін.

Сайыс барысында студенттер білімі мен логикалық ойлау қабілетін көрсетіп, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін ұсынды. Жарыс қорытындысы бойынша 1-ші орын М.Өтебаев атындағы Жаңа технологиялар колледжіне бұйырды. 2-ші орынды Отырар колледжі иеленсе, 3-ші орынды Шымкент медресе колледжі қанжығасына байлады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйақымен марапатталды.