Жыл басынан бері 650 мың ата-ана арнайы оқытудан өткен. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, биыл педагогикалық қолдау орталықтарында жаңартылған бағдарлама негізінде 86 мыңнан аса сабақ өткізілген. Ата-аналар бала тәрбиесі және оның психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп пен отбасының өзара іс-қимылын нығайту жайында дәріс алған.

Сабақтардың мазмұны педагогтер мен ата-аналардың ұсыныстарын ескере отырып жыл сайын жаңартылады. Дәрістерді арнайы дайындықтан өткен педагогтер мен психологтер жүргізеді. Ата-аналар сенімді қарым-қатынас орнату, тәуекелдердің алдын алу, бала мен ата-ана арасындағы эмоциялық байланысты нығайту бойынша түрлі кеңестер алады. Оқыту аясында арнайы сауалнама жүргізілген. Оның нәтижесіне сәйкес: ата-аналардың 73,9%-ы балаларымен күн сайын сөйлеседі, 89,6%-ы баланың қиындықтарына жедел әрекет етеді; 78%-ы баласының араласатын ортасын жақсы біледі; әрбір екінші ата-ана тәрбиелеу тәсілдерін қайта қарауға дайын және ата-аналардың 62%-ы алған білімдерін күнделікті тәжірибеде қолдануды жоспарлайды.