Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Виктор Майкомен кездесті. Кездесу барысында тараптар Түркістан облысы мен Украина арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені мен туризм саласындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат беріп, бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы мен Украина арасындағы тауар айналымы 10,5 млн АҚШ долларына жетті. Нақтырақ айтқанда, экспорт – 0,5 млн АҚШ доллары, импорт – 10 млн АҚШ доллары. Қазақстаннан Украинаға негізінен мұнай, металдар, химиялық өнімдер, ауыл шаруашылығы тауарлары және көмір экспортталады. Өз кезегінде Қазақстан Украинадан жоғары технологиялық жабдықтар, дәрі-дәрмек және өзге де өнімдерді импорттайды. Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдіріп, бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Аталған кездесу өңіраралық әріптестікті нығайтуға және жаңа инвестициялық бастамаларды іске асыруға серпін береді деп күтілуде.