Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма бірінші сессиясы өтті. Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма бірінші сессиясының күн тәртібінде 18 маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласы мен Мақтаарал ауданы әкімдері қалаға және ауданға республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар туралы мәлімет берді.


 Бұл күні Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, жер қатынастары басқармасы және мемлекеттік сәулет – құрылыс бақылауы басқармасы басшыларының есептері тыңдалды.


Депутаттар мемлекеттік орган басшыларының есептері бойынша шешім жобаларына жұмысты одан әрі жандандыру туралы өз ұсыныстарын енгізді. Сессия барысында 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.


Жиында кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістерге келісім берілді және  облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.